ТОП-10! ҚПЛ-дегі үздік трансферлерді түздік

Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымы басталуына бірер апта ғана қалды.

ТОП-10! ҚПЛ-дегі үздік трансферлерді түздік
Луиш Нани мен Виктор Мозес

Қатысушы ұжымдар құрамдарын түгендеп, жаңа ойыншыларды қатарына қосуда. Бірі ардагер жұлдызды ойыншыларды командаға қосуды жөн көрсе, енді бірі жастармен толығуды құптайды. Клубтар әлі сәуірге дейін трансферлерді жүзеге асыра алады. Дегенмен, осы уақытқа дейінгі ауыс-түйістерге назар аударып, азды-кем баға беруді ұйғардық. Назарларыңызға біздің редакция нұсқасы бойынша бүгінгі күнге дейін жасалған ең үздік 10 трансферді ұсынамыз.

10. Дәурен Жұмат – «Тобыл»

Рейтингіміздің басына Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Дәурен Жұмат орнықты. Алдыңғы маусымның басты жаңалықтарының бірі болған оның бұл жолғы маусымда амбициясы зор командаға ауысуы өте орынды. «Тобыл» да Ислам Чесноков, Ахмет эль-Мессауди сынды шабуылдағы көшбасшы ойыншыларынан айырылған соң, Дәурен сияқты қырағы шабуылшымен толығуы тиіс еді.

9. Айдин Желькович – »Ақтөбе»

Тоғыздыққа швециялық Айдын Желькович жайғасты. Айдын бұған дейін Швеция чемпионатында өнер көрсетіп келген. Былтыр 27 матчта 7 гол соғып, 2 голдық пас берген. Швеция чемпионатының деңгейі мен көрсеткен нәтижелеріне сүйенсек, «Ақтөбе» үшін бұл трансфер өте сәтті деуге негіз бар.

8. Хрвое Илич – «Елім-ай»

Сегізінші орынға «Елім-ай» сапын толықтырған Хрвое Илич лайық деп таптық. Себебі, хорват келе салып жолдастық кездесулер мен жаттығуларда өзінің техникалық шебер ойыншы екенін көрсетті. Бұрын Хорватияның 17 жасқа дейінгі ұлттық құрамасында өнер көрсеткен ол отаны Хорватиядан бөлек, Израиль, Украина чемпионаттарында тер төккен. «Елім-ай» үшін де оның пайдалы болатыны сөзсіз.

7. Дінмұхаммед Қараман – «Астана»

Рейтингімізге тағы бір ұлттық құрама ойыншысы ілікті. Әдетте, легионерлерге арқа сүйейтін елордалық клуб қаржылық мәселелерге байланысты оларды сапына қосудан бас тартып, қазақстандық жартылай қорғаушыға сенім артты. Алдыңғы маусымда Дінмұхаммедтің «Жеңіс» құрамында Исламбек Қуатпен тамаша тандеміне куә болғанбыз. Бұл жолы Григорий Бабаян жетекшілігімен жаңа командасында рөлі қандай болар екен?

6. Александр Меркель – «Жеңіс»

Туған жеріне дарынды перзенті оралды. Қазақстанда туғанымен Еуропада өсіп-өнген Александр біздегі футбол сүйер қауымға жақсы таныс. Ол Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып, отанына келіп кетіп жүрді. Көп жағдайда құжаттар мәселесі кедергісін келтіріп, ұлттық құрамада ойнау мүмкін болмады. Енді, мінекей 33-ке толған шағында тарихи отанына оралып «Жеңістің» болашақ жеңістеріне өз үлесін қоспақшы.

5. Әлібек Қасым – «Астана»

«Астана» жоғарыда айтып өткеніміздей қазақстандық футболшыларға иек артып отыр. Әлібек Қасым еліміздегі ең үздік орталық қорғаушылардың бірі. Сондықтан, оның елордалық клубта өнер көрсетуі таң қаларлық жайт емес. «Астана» өзінің әлі де мықты екенін дәлелдегісі келсе, Әлібек секілді футболшыларға мұқтаж екені айдан анық.

4. Иван Ордец – «Ақтөбе»

33 жасар тәжірибелі қорғаушы былтыр ғана әлемдегі ең үздік лигалардың бірі саналатын Бундеслигада доп тепкен. Сондай-ақ, Украина ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы. Оның тәжірибесі командаға чемпиондық рух беретіне сеніміміз мол.

3. Яакко Оксанен – «Қайрат»

Естеріңізде болса, алматылық клуб Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінде финляндиялық КУПС-пен ойнаған болатын. Сол КУПС сапынан «Қайрат» ұжымына Яакко Оксанен ерекше ұнаған болса керек, бірден оны команда сапына қосты. Яакко қазір ағылшын премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген «Брентфорд» сапында болған. Англиядан едәуір мол тәжірибе жинақтап, Финляндияда мансабын жалғастырған.

2. Луиш Нани – «Ақтөбе»

«Ақтөбенің» қоғамда айтарлықтай шу тудырған трансфері. Бұрынғыдай жас емес дегенімізбен, оның жалпы командалық рухқа айтарлықтай тың серпін беретінін жасыра алмаймыз. Оның үстіне маркетингтік тұрғыдағы бұл трансфердің рөлі орасан зор. Бұл трансфер арқылы «Ақтөбе» мен қазақ футболының имиджі өзгерді.

1. Виктор Мозес – «Қайсар»

Ағылшын премьер-лигасының чемпионы Виктор Мозестің қызылордалық клубқа қосылуы, біздің пікірімізше, осы аралықтың ең үздік трансфері. Өйткені, ол Луиш Наниге қарағанда әлдеқайда жас. Өткен жолдастық кездесулердің бірінде гол соғып, көзге түсіп қайраты қайтпағанын көрсетті.

                                                                                              

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 8
Ұнамайды 1
Күлкілі 2
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×