Тухельді сан соқтырған Сульшер

23.10.2020, 04:24
«Чемпиондар лигасының» топтық кезеңі. Алғашқы турда «ПСЖ» мен «Манчестер Юнайтед» кездесті.
Тухельді сан соқтырған Сульшер

Қазанның ортасында басталған "кәрі құрлықтың" басты доп додасы үздік матчтардан басталды. "Н" тобының фавориттері алғашқы айналымда-ақ аш қасқырдай атылып, өзара айқасуы доп десе делебесі қозатын дүйім жұртты дүрліктіргені даусыз.

Қос команда бұл ойында дайындық тұрғысынан, құрам бойынша да тең дәрежеде келді деп айтуға болады. Себебі, екі команда да кейбір көшбасшы футболшыларынсыз ойнады. Айта кетерлік жайт, Данило Перейра франзуздық команда сапында өзінің еурокубоктағы алғашқы ойынын өткізді, "қызыл сойқандардың" бас бапкері Сульшер жаңа ойыншы Алекс Теллесті алғашқы минуттан бастап алаңға шығарды. Аталған екі футболшы да "Порту" клубынан жазғы трансфер лік терезе кезінде алынған болатын.

"Парк де Пренс" стадионы көрерменсіз болса да, бүкіл әлемдегі футбол жанкүйерлері бұл кеште Франция астанасына ғаламтор арқылы көз тікті. Алаң иелері алғашқы 15 минутта допты ұзағырақ бақылауға алды, жүйелі шабуылдар ұйымдастырды. Тухельдің басты үміті Неймар қарсыластарын әдеттегідей әдемі финттерімен бір-екі тексерген соң Ди Мария мен Мбаппе сияқты әріптестерімен өз командасының шабуылдарын бастап көрді. Де Хея қақпасына бірнеше қауіпті соққылар да жұмсалды. Алайда, алғашқы голды қонақтар салды. 11 метрлік айып добын Бруну Фернандес өзінің мәнерінде сәтті орындады. Екінші таймда Тухель ойын схемасын өзгертті. Ди Мария мен Мбаппе манчестерлік қорғаушыларды өзара қаптал ауыстыру арқылы шатастарғысы келді, бірақ ойлары жүзеге аса қоймады. Есесіне оларға Марсьяльдің өз қақпасына гол салуы керемет көмек берді. Онан соң Тухель жеңіске жету мақсатында артқы жартылай қорғаушының (Эррера) орнына шабуылға икемі бар Рафиньяны шығарды. Бапкердің бұл шешіміне Сульшер Погбаны алаңға шығару арқылы жауап қатты. Ол тиісінше еш кедергісіз, асықпай Рэшфордқа нәтижелі пас берді. Осылайша, "манкуньяндықтарға" ойыншы кезінде талай жеңісті матчтарды сыйлаған бапкер клуб қоржынын 3 ұпаймен толықтырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×