Ұлан ҚОНЫСБАЕВ: Жаттығуға жауапкершілікпен қараймын

08.02.2012, 01:32
Ұлан ҚОНЫСБАЕВ: Жаттығуға жауапкершілікпен қараймын

Жарысқа шығу үшін бізді ешкім қаржыландырмайтын. Үйдегі анам мен әкем қарызданса да, қауғаланса да бізді жарысқа жіберетін.

Тараздық аяқ доп шебері, «Астана» командасының жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаевты білмейтін жан жоқ шығар, сірә елімізде. Бұлай дейтін себебіміз, «Түркия-Қазақстан» кездесуінде Ұланның соққан голы бүкіл қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Бұған «Ең әдемі соғылған гол» деген айдар тағылып, тағы бір қуанғанымыз бар. Бүгін, мінеки реті түсіп, бәрімізді тамсандырған голдың авторымен бейресми жағдайда сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Ұлан, естуімізше, сенің есіміңді Солтүстік Қазақстан облысындағы өзіңмен аттас ауданға арнап қойған дейді. Шындығы солай ма, әлде елдің, фанаттардың асыра айтқан әңгімелері ме? Негізі, әкем Әбиірбек Қонысбаев құқық қорғау органдарында жұмыс жасаған адам. Дәл қазір еңбек демалысына шығып, ағайын-туыстардың басын қосуды жоспарлап, шапқылып жүр (күліп). Әкемнің айтуы бойынша, 1987 жылы Қазақ Ұлттық университетінің «Заң» факультетін тәмамдаған соң, Кеңес үкіметінің сол кездегі жас мамандарды шалғай елді мекендерге жұмысқа жіберу практикасына сай әкем Шығыс Қазақстан облысының «Ұлан» деген ауданына тергеуші болып жұмысқа жіберіліпті. Екі жылдан соң, яғни 1989 жылы мен дүниеге келіппін. КСРО-ның шаңырағы шайқалған аумалы-төкпелі сол кездерде құқық қорғау саласының қызметкерлеріне үлкен салмақ салған екен. Қылмыстық ахуалдың асқындаған шағында әкем бір сәт те үйде отырмаса керек. Жұмыс бабымен сапарлап жүргенде шешем мені босанып қойыпты. Анам әкеме ренжіп, біраз құрқылдасып алған соң, баланың атын қою мәселесін шешуге кіріседі. Әкем ары ойланып, бері ойланып Еркебұлан бар, Думан бар, енді бізге керегі Ұлан, оның үстіне Ұлан ауданында дүниеге келді, аты Ұлан болады депті. Сол жерде мені Ұлан деп жаздырып шығыпты. Осы әңгіменің төркінін білмегендіктен болар, әртүрлі болжам-долбарлардың жасала беруі.  Жалпы өзге спорттың құлағын ұстап жүріп, басқа спорт түріне ауысып, оны күткендегіден де асырып игеріп кету мүмкін бе?.. Мысалға, шахматшыдан футболшыға... Барлығы мүмкін. Мен сіздің не астарлап отырғаныңызды түсініп тұрмын. Жалпы мен спортты шахматтан бастағанмын. Біраз есейгенше шахматшы болып, шахматтың «майын» ішкенмін. Шахматқа келуімнің өзі бір қызық әңгіме. 1992 жылы әкемнің жұмысы Талас ауданының орталығы – Қаратау қаласына ауысты. Бір күні үйге анам шахмат пен дойбы алып келеді. Содан не керек, анам бізді зіркілдетіп қуып жүріп шахматқа үйретеді. Әсіресе, ағам Думан шахматты жоғары деңгейде игеріп, тіпті мені баули бастайды. Мектепке барғанымызда Берік Пышанов деген жаттықтырушымыз бізбен шындап айналыса бастады. Аса зеректік танытқан Думан облыс былай тұрсын, республикалық деңгейде өткен жарыстарда жүлде алып, мені қызықтыратын. Содан не керек, мен де шахматтың соңына түсе бастадым. Тіпті, бір күні бар- жоғы бірінші каласс оқитын мені үлкен жарысқа сұрап алып кетеді. Әйтеуір, қолдан келгенше ойын көрсетіп, жақсы нәтижелер көрсетіп, сенімдерінен шыға бастадым. Менен де арғы – бергі жұртқа танымал шахматшы шығар ма еді, нарықтық экономиканың өте ауыр өтпелі кезеңдері болмағанда. Жарысқа шығу үшін бізді ешкім қаржыландырмайтын. Үйдегі анам мен әкем қарызданса да, қауғаланса да бізді жарысқа жіберетін. Тіпті, жаттықтырушымыз Берік ағай өз арамызда чемпионат ұйымдастырып, жүлдеге өз үйімізден алып келген кітаптарымызды сыйға тартатын. Оны әрине, әкем білмейтін. Өйткені, Қаратау қаласы бойынша біздің үйде кітап көп болатын. Не керек, қолға ілінген Бейімбет Майлиннің көп томдықтарын тасудан жалықпайтынбыз. Кейін ғой әкем біліп қойып, кітап орнына үйдегі тұрған артық заттарды жүлдеге үлестіретін. Міне, осылай ауданға танымал жас шахматшы болып шыға келдім.

Осындай жетістікке жетіп тұрып қалай футболға кетіп жүрсің... Осы қарқыныңмен ойнай бергеніңде Каспаров сынды атақты шахматшы болуың да ықтимал еді ғой...

Негізі шахматтан кетуіме ағам Думан өте қатты әсер етті. Шамамен мен 5-ші сыныпта оқимын, ағам Думанның 8-9 сынып оқитын кезі. Содан бір күні Думан үлкен бір жарыстан оралады да, енді шахмат ойнамайтынын, тіпті шахматтың тасын қолына алмайтынын айтып, бөлмесіне жыларман болып кіріп кетті. Ол кезде кішкентай болғандықтан не себеп болғанын білу мен үшін қызық болған жоқ. Кейін білгенімдей сол барған жарысында Думанды әдейі ұтылдырды ма, төрешілердің бүйрегі басқа жаққа бұрды ма, әйтеуір қандай да бір қысастық болыпты. Содан ренжіп, шахмат тақтасына жоламай кеткені. Ағам бармаған соң, менде де шахматқа деген қызығушылық жоғала бастады. Артынша-ақ, Думан футболға қатысатын болып шыға келді. Өзі добын, киімін алып, мені ертпей футболға баратын болды. Кешке келіп, мені қақпаға тұрғызып доп тебеді. Ағаң болған соң амал жоқ, шірене тепкен соққыларына шыдайсың. Әйтеуір шама келгенше, біреуін тосып, біреуін әдейі жіберіп, аулада жүріп – ақ кәдімгідей футболға ыңғайлана бастадым. Содан не керек, ағаммен жағаласып, бір күнде футболшы дорбасын асынып Серік Өмірқұлов деген жаттықтырушыға жаттығуға баратын болып шештім. Денемнің шағындығына қарамастан допты кәдімгідей тебетін жағдайға жеттім. Ойыным дұрыстала бастағанын көрген өзге жаттықтырушылар мені жарыстарға алып баратын болды. Есімде қалғаны 1997 жылы Малик Кургулин деген жаттықтырушы мені Қырғызстанға үлкен додаға алып барды. Сол жарыста әдемі ойын өрнегін көрсетіппін. Сол шыққан биіктен төмен түспей, қазір Құдайға тәубе, Қазақстанның маңдайалды командаларында доп теуіп, жанкүйерлерімді қуантып жүрген жайымыз бар. Дәл қазір «Астана» командасының жартылай қорғаушысымын, өздеріңіз білетін. Бұл әрине, жаттығудың, елдің, жанкүйерлердің сенімінің арқасы болса керек.  Бір кездері «Тараз» командасында жасындай жарқылдадың. Дәл қазір Таразға қайта шақырту жіберсе, құп алар ма едіңіз?.. Әрине, барлық жағдайды жасаса келер едім. Неге келмеске?.. «Тараз» менің алғашқы доп ойнап, елге танылған  командам. Сондықтан, арнайы шақырту болып жатса келуден еш қашпаймын. Енді жаттығу жағына қарай ойыссақ, «Астана» командасындағы жаттығуларың қалай? Басқа командалардағыдан айырмашылықтары бар ма?  Қазір қызу жаттығу үстіндеміз. Бұл командада жаттығуға барлық жағдай жасалған. Ретімен, тәртібімен жаттығуға барамыз. Жаттығусыз нәтиже көрсету қиын ғой. Сондықтан оған қашан да жауапкершілікпен қараймын. Бұған қоса жаттықтырушыларымыз да қатаң қадағалау жасайды. Ұлан, сырт көзге әлсіздеу көрінесің. Ал тепкен доптарың бұл ойды жоққа шығарады. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан...» деген анаңа тартқансың ба, әлде жақсы футболшы болуға әкелік гендер көбірек әсер етті ме? Бұл сұрағыңызға үйдегілердің ешқайсысын ренжітпей жауап берейін. Жалпы дене бітімім анам – Асылханға тартқан. Ал әкем алып болмаса да иықты кісі. Екеуінің де ең жақсы қасиеттерін бойға дарытқан шығармын, шағын болсам да алаңда ширақ қимылдайтынымды көрдіңіздер... Алдағы мақсат қандай, үй болып, отау құру деген ойда бар шығар...  Дәл қазір үйге келін түсіріп, шаңырақ көтеру деген ойда жоқ. Талмай қанаттанып әдемі, нәтижелі ойын өрнегін көрсету ғана, қазіргі мақсатым. Алда бізге қойылған талаптар, міндеттер, бағыттар бар. Соларды жүзеге асыру керекпін. Мұның соңы үлкен нәтиже береді деген ойым бар. Сондықтан келін мәселесі кейінге қала тұрады-ау, шамасы. Әзірге тақымдап жатқан ешкім жоқ.  «Қазақстан-Түркия» кездесуінде барша қазақстандықтарды әдемі голыңмен қуанттың. Тіпті, соғылған голыңды «Жылдың ең үздік голы» деп біз қуандық. Жалпы, осы кездесуде әлемнің азулы командасына осындай әдемі гол соғамын деген сезім болды ма? Матч басталардың алдында ешқандай гол ұрам деген сезім, көріпкелдік болған жоқ. Реті келді, гол соғылды. Дәл қазір ала допты тебуде түрік ағайындар да осал емес. Сондықтан, ойнап жүріп соға салдым деп айта алмаймын. Азулы командалардың қатарына жатқызуға болатын қарсыластардың қақпасына доп соғу, әрине, ең бірінші соққы жасауға ыңғайлы позицияға допты шығарып берген командалас жігіттердің арқасында ғана мүмкін болды. Әңгімеңе рахмет, Алла аяғыңа қуат берсін!

Әңгімелескен, Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ. Тараз қаласы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×