«Ұлттар лигасын» ұтудан үмітті алғашқы команда анықталды

16.11.2020, 05:13
Аталған турнирдің кешегі болып өткен матчтарына қысқаша шолу
«Ұлттар лигасын» ұтудан үмітті алғашқы команда анықталды

Француздар Португалияны тағынан тайдырды

"А" лигасының орталық матчы Лиссабонда өтті. Қос команда арасындағы ойын көпшілік күткендей тартысты болды. Әлем чемпиондары мен Еуропа чемпиондары алма-кезек қарсыластар қақпасын торуылдады. Дегенмен, Погба мен Гризман бастаған жігіттердің шабуылдары өткір, соққылары жойқын болды. Нголо Канте соққан жалғыз гол матч тағдырын шешті. Бұл жартылай қорғаушының ұлттық құрама сапында соққан екінші голы. Осылайша, турнирдің алғашқы жеңімпаздарын чемпиондық атағынан айырып, француздар алғашқы болып жартылай финалға жолдама алды.

Z


Шведтер кішігірім сенсация жасады

Осы лиганың 3 тобындағы екінші кездесу "Френдс Аренада" өтті. Швеция өз алаңында Хорватияны қабылдады. Алаң иелері Кулусевски мен Даниельсонның голдары арқылы хорваттарға күтпеген соққы берді. Есеңгіреп қалған қонақтар матч аяқталғанша есін жия алмай кетті. Ойын соңына таман ғана кезекті стандартты шабуыл кезінде Даниельсонның өз қақпасына соққан голы есепті қысқартқанымен, одан арыға шақпақ жейделілердің дәрмені жетпеді. Егер соңғы турда шведтер жолдаманы қанжығаға салған Франциямен тең ойнап, хорваттар Португалиядан ұтылса, 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері төменгі "В" дивизионына түсіп қалуы ықтимал.

2Q==

Рамос нашар ойынымен рекорд жаңартты

Испания мен Швейцария құрамалары 1-1 есебімен тең тарқасты. Алғашқы болып швейцариялықтар есеп ашты. Көзге түскен Ремо Фройлер. Бұл ойында Серхио Рамос еуропа елдерінде ұлттық құрмамада ең көп ойын өткізген ойыншы ретінде жаңа рекорд қойды. Бұған дейін ол бұл межені Италия қақпашысы Буффонмен бөліскен болатын. Аталған ойында Серхио өз қақпасына кіріп бара жатқан допты қайтаруымен және екі бірдей пенальтиді соға алмауымен есте қалды. 11 метрлік айып добынан 25 рет қатарынан мүлт кетпеген Испания құрамасының капитаны бағыттаған соққыны Швейцария құрама командасының қақпашысы Ян Зоммер шеберлікпен қайтара білді. Ол Рамостың пенальтиін қайтарған екінші қақпашы, бұл жетістікке "Еуро-2016" турнирінде хорватиялық қақпашы Субашич бірінші болып жеткен болатын.

2Q==


Бапкерінің ерлігін қайталаған Яремчук

Германия мен Украина құрамалары арасындағы матч өте қызықты өтті. Есепті Шевченко баптаған команда ашты. Нойер күзеткен қақпаның жақын бұрышын жойқын соққысымен дәл көздеген Роман Яремчук еді. Бұл украиндықтардың немістер қақпасына соққан тарихтағы екінші голы болды. Алғашқы голды осыдан 19 жыл бұрын "алтын доптың" иегері "Милан" сапында жасындай жарқылдаңан Андрей Шевченко салған болатын. Бұл ойында Украина құрамасы өте жақсы ойын көрсетті, тек аздаған сәттілік жетіспеді. Олай дейтініміз, қонақтардың бағыттаған 3 бірдей соққысы қақпа бағанасына тиді. Йоахим Левтің командасынан Тимо Вернер дубль авторы атанса, "Баварияның" жаңа ойыншысы Лерой Сане нәтижелі соққысымен көзге түсіп, ойын 3-1 есебімен Германияның пайдасына шешілді.

2Q==



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×