"Жетісу" - "Шахтер": Талдықорғанның орталық стадионы Финонченко факторына қарсы

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
21.04.2024, 14:00

ҚПЛ бесінші турының сенбілік ойындарынан кейін "Ақтөбе" жеке дара көш бастады. Бірақ бүгін оларды бірінші сатыдан "Тобыл" сырғытып жіберуі мүмкін. Ол үшін костанайлық команда сырт алаңда "Астанадан" айласын асыруы керек. Бұдан бөлек бұл турдың жексенбілік күнінде тағы бір бәсеке - "Жетісу" - "Шахтер" ойыны болады.

"Жетісу" - "Шахтер": Талдықорғанның орталық стадионы Финонченко факторына қарсы

Талдықорғандық клуб пен "кеншілер" алдында әрине, сәл басқаша міндеттер тұр. Қазір кос клуб турнирлік кестеде көршілес орналасқан. Қайрат Нурдаулетовтің командасы Талдықорғандық жанкүйер алдында алғаш рет өнер көрсеткелі отыр. Осыған дейін жеті өзен аймағының командасы үйдегі ойындарын Алматыда өткізіп келген еді. Енді бесінші турда Талдықорғанда дайын болған алаңға шығып, Қарағандылық қонақтарын қабылдамақ. Жетісу үшін бұл матчтың маңызы зор. Біріншіден - "Шахтер" ҚПЛ-дегі жақсы орындарға таластағы басты қарсылас. Екі клубтың жанкүйерлері ренжи қоймас, "Жетісу" да, "Шахтер" да жүлдеге таласа қоймас. Объективті тұрғыда қарасақ, командалардың мақсаты: шама жетіп жатса, үздік 5-6 орынға іліну. Ал ойға алғандары іске аспай жатса, ҚПЛ-дегі  "пропискаларын" сақтап қалудың өзі абырой болады. Сондықтан, Талдықорғандық, Қарағандылық клуб өздері шамалас командаларды барынша ұтып, ұпай қорын толтыруы тиіс. Чемпионат барысында күшейе түсетін "Астана",  "Ордабасы" не "Ақтөбе" секілді амбициялы ұжымдармен тартысқа түсу қиын болады. "Жетісу" өткенде "Қайратты" тұсап ұстай алды (0:0). Енді жетісулық футбол сүйер қауымның өз командасынан бүгін жақсы нәтиже күтуі заңдылық. Мәселе, Қайрат Нурдаулетов шәкірттерінің көңіл-күйі қандай, жеңіске деген жігері ше? Команда биылғы біріншілікте өте аз гол салатындардың қатарында. Қателеспесек, әзірге "Жетісудің" жалғыз добын Серікжан Мужиков салған болатын. Капитанның "Атырау" қақпасына бұрыштамадан тікелей соғып кеткен голын сол турдағы үздіктердің қатарына қосуға әбден лайық. Айтпақшы, Мужиковтың өзі де өткен 4-турдың үздік футболшысы атанғанын қоса кетейік. Арнайы бас бапкердің шақыртуымен келген Абылайхан Жұмабек "Жетісу" сапында бір-екі ойынға қатысты. Жас шабуылшы жаңа ұжымға бой үйретіп қалған секілді. Бүгін Талдықорғандық команданың алдыдағы ойыны осы форвардқа байланысты болмақ. 

Финонченко факторы

Үш тур үмітсіз ұтылып, ойламаған жерден "Астананы" жеңіп кеткен "Шахтерге" де ұпай қажет-ақ. Қарағандылық команданың сенсациясына Андрей Финонченконың әсері болды деген пікірлер жүр екен. Қарағандылық клубтың аңызы қазір бас бапкер міндетін атқарушы. "Елімайға" қарсы болған Кубоктік ойындағы сәтсіздіктен соң (2:1) Финонченко бар күшті ҚПЛ-ге салатынын айтқан. Баспасөз-мәслихатында "кеншілердің" әр тур сайын жақсы ойнап, ұпай санын арттыратынын да жеткізіпті. Енді  Андрей Финонченконың айтқандарының ақиқатқа қаншалықты жақын екенін бүгін көреміз. Қарағандылық клуб қатарында ардагер Рохер Каньяс та өткен турдағы әдемі голдың бірін салғанын білесіздер. Колумбиялық футболшының биылғы маусымда екінші тынысы ашылғандай. Каньястың да голы әзірше "Шахтердің" ҚПЛ-2024-тегі жалғыз нәтижелі соққысы. Қарағандылық клуб қатарында "Астанамен" ойында Айдос Тәттібаев жарақат алып қалған еді. Бүгін Талдықорғандағы кездесуге шабуылшы шықпаса, орны кәдімгідей ойсырап қалайын деп тұр. Одан басқа грузиялық Имеда Ашортия, тағы бір колумбиялық Хуан Асприлья бар. Алайда, бұлар әзірше гол соғып емес, ереже бұзып, сары қағаз алумен ғана көзге түсіп жүр. "Шахтердің" шабуылшылары үшін "Жетісудай" өзімен шамалас командаларға қарсы матчтар жақсы мүмкіндік. Бұл бәсеке бірнеше сағаттан кейін басталады (Астана уақытымен 19:00) Айта кетейік, "Жетісу" турнирлік кестеде қазір 4 ұпаймен 9-сатыға жайғасқан. Ал қарағандылық клуб 12-орында. "Шахтердан" кейін тек осы турда ғана ұпай ала ала алған "Қайсар" орналасқан ("Қайсар" - "Атырау" 1:1). 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 35
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×