Оқушылар арасындағы аудандық, облыстық, республикалық турнирлерге тұрақты түрде қатысып бірнеше рет жүлдегер атанғаны бар. Міне сондай жарыстардың бірінде КСРО чемпионатының екінші лигасында өнер көрсететін Арал қаласының «Водник» клубының бапкерлерінің көзіне түсіп, командаға қабылданады. Осы кезден бастап, нағыз кәсиби футболшы бола бастады. Одан кейін әскер қатарына шақырылып, 1992 жылы Санкт-Петербург қаласының «Галакс» командасында ойнайды. Бұл ұжым құрылғанына көп бола қоймаған жас команда болатын. Ресей чемпионатының екінші лигасының төртінші аймағында өнер көрсеткен «Галакс» жас команда болған соң ба? әйтеуір біріншіліктің соңғы жағында қалып қояды. Цимерман Владимир Александрович жаттықтырған клубтың сапында жерлесіміз 33 ойын өткізіп, 8 гол соқты. Ресейдегі жорығы тек бұл командамен шектеліп қалған жоқ. Солтүстік көршіміздің екінші астанасы атанып кеткен Санкт-Петербург қаласының тағы бір командасы «Космостың» сапында 1993 жылғы маусымның алғашқы жартысын өткізді. Осы аралықта барлығы 11 ойында қатысып, 4 рет қанжығасын майлады. Бұдан кейін миллионер қаланың үшінші бір командасы «Локомотивке» ауысады. Лев Дмитриевич Бурчалкин жаттықтырған командамен 1993 жылғы маусымның екінші бөлігінде 17 ойынға қатысты. Жалпы бұл команданың сапында үш жылын өткізді. Осы жылдары барлығы 73 ойын өткізіп, қарсыластардың қақпасына 14 гол еңгізген. Сол 1993 жылы Тверь қаласының «Трион-Волга» командасында да өнер көрсеткені бар.
Бес жылдай Ресей жерінде доп тепкен жерлесіміз 1996 Қазақстанға оралады. Жылдармен жиналған тәжірибесін Қазақстанда паш етуге тырысты. Сол кездегі қазақтың маңдай алды командаларының бірі «Елімаймен» келісім-шартқа отырды. Екі жыл қатарынан чемпион болған семейліктер біріншіліктің басты фавориті еді. Мирошниченко, Литвиненко, Әубәкіров сияқты қазақ футболының тарландарының атой салып жүрген кезеңі еді. Осы футболшылармен шабуылда тізе қосып ойнаған Есмағамбетовтың да нәтжесі жаман болмады. «Елімайдың» ғана емес, жалпы біріншіліктің мергені атанып жүрген Мирошниченко, Литвиненколардың 1996 жылы жолдары бола қоймайды. Есесіне жаңадан келген Болат 14 гол соғып, команданың бас мергені атанды. Бірақ, «Елімайдың» қатарынан үш рет чемпион атануға шамалары жетпеді. Бұйырғаны қола жүлде болды. Болат келесі жылы маусымды «Елімаймен» бастағанымен, үзіліс кезінде «Ертіске» ауысып кетеді. Бұл шешімі оң нәтижесін берді. Виктор Веретновтан тәлім алған керекулік команда араға төр жыл салып,екінші чемпиондық атақтарына қол жеткізеді. Әйткенмен чемпиондық атақ оңайшылықпен келе қоймады. Алматының «Орталық Стадионында» мәреге үзеңгі қағыстырып келген «Тараз» командасымен «Алтын матч» ойналды. Шкариннің ысқырығы естілісімен екі команда чемпиондық тәж үшін жасыл алаңда соңғы демдері қалғанша жан аямай тер төкті.Павлодарлық команданың сапында қазақтың қос талантты шабуылшысы Есмағанбетов пен Асқар Әбілдаев ойнады. Сәт сайын осы екі шабуылшы Олег Воскобойниковтың қақпасын нысанаға алумен болды. Дегенмен кездесудің тағдырын шешкен жеңіс голын Виктор Антонов соқты. Бұл оның Қазақстан чемпионатындағы алғашқы әрі соңғы чемпиондық атағы болды. Сол жарты маусымда 12 ойында 7 нәтижелі соққымен көзге түсті. Бұл Қазақстан біріншілігінде жаман нәтиже емес. Тіпті кейбір шабуылшыларымыз осынша голды жыл бойы соға алмай жататыны бар.
1998 жылы тағы шекара асады. Бұл жолы Ресей емес, Скандавия түбегі. Дәлірек айтқанда Финляндия чемпионатында өнер көрсететін ПК-37 Ийсалми клубына ауысады.Бұл команда сапында Болаттың алдында тағы бір қазақстандық сұрмерген Николай Курганский өнер көрсеткен болатын. Есмағамбетовтың Финляндия чемпионатына ауысуы ешқандай ақша қуалау емес. Тіпті ол жақта Қазақстанда тапқан қаржысынан да аз төледі. Басты мақсаты жаңа чемпионатта өзінің сынап көру болды. Қай команданың құрамында ойнаса да, гол соғу шеберлігі жоғары еді. ПК-37 Ийсалми командасы сапында ойнаған 1998 жылы 18 рет қанжығасын майлаған. 1999 жылы бір жыл елге қайтып, атауы «AES-Елімай» болып өзгерген бұрынғы өзі ойнаған семейлік клубтың ойыншысы атанады. Ал 2000 жылы екінші рет Ресейге сапар шегеді. Бұл жолғы оның таңдауы «Орёл» командасы болды. Бұл команданың басшылары ұжымның алдына бірінші дивизионға шығу жайлы үлкен мақсат қояды. Сол мақсатты орындау үшін үздік ойыншыларды жинайды. Клубтың шабуыл шебіне таңдаған футболшыларының бірі осы біздің Болат Есмағамбетов болды. Бірақ, команда өзі көздеген мақсаттарына жете алмады. Жерлесіміз осыдан кейін Финляндия біріншілігіне баруды қайта жоспарлайды. Бұл жолы КеуПа клубында ойнады. Міне осы клубпен 2001 жылғы маусымдағы аяқтап, бутсысын шегеге іледі.
Ұлттық құрамада
Алғаш ұлттық құрамаға 1997 жылы мамыр айында шақырылды. Францияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу матчары аясында Алматыда өткен Пәкістан құрамасына қарсы кездесуде негізгі құрамда өнер көрсетті. Өзінің дебюттік кездесуінің екінші минутында нәтижелі соққымен көзге түсті. Ал екінші таймда дубль орындады. Осылайша алғашқы кездесуінде жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Ұлттық құрамадағы үшінші голында сырт алаңда Пәкістанға соқты. Бұл жолы да есепті бірінші болып ашты. Сондай-ақ, осы жылы Ирак, Өзбекстан, Корея құрамаларына қарсы екі ойында да өнер көрсетті.
Одан кейін бапкерлік жолға түсіп, кейіннен басшылық қызметтерге ауысты. Қазіргі кезде қаржылық қиындықтарға тап болып, бірінші лигаға түсіп қалған қызылордалық «Қайсар» клубының директоры. Алдағы уақытта осы клубтың премьер-лигаға оралып, жоғары орындарға көтерілуіне барын салмақшы.
Болат Есмағамбетов қазақ футболшыларының арасында өз ана тілін жетік білетін санаулы ойыншыларымыздың бірі.
Бек Төлеуов, «Sport» газеті, Астана қаласы.
Біздің серіктес: FONBET