АРГЕНТИНА ФУТБОЛЫ: ҚУЛЫҚ пен ҰЛЫЛЫҚТЫҢ арасында

01.05.2020, 17:25
...Аргентина футболы сырлы да сиқырлы әлем...
АРГЕНТИНА ФУТБОЛЫ: ҚУЛЫҚ пен ҰЛЫЛЫҚТЫҢ арасында

АРГЕНТИНА ФУТБОЛЫ: ҚУЛЫҚ пен ҰЛЫЛЫҚТЫҢ арасында


Егер сіздің командаңызда бір аргентиналық жұлдыз болса, сіздің қолыңызда ұлы команда бар деп айта беріңіз. Егер сіздің командаңызда екі аргентиналық жұлдыз болса, сізде жарты команда бар, егер сізде бірнеше аргентиналық жұлдыздар болса, онда сізде команда жоқ. (белгісіз автор)


...Аргентина футболы сырлы да сиқырлы әлем. Мұнда Латын Америкасына тән тума-талант сиқыршылармен бірге (Ди Стефано, Марадона, Месси) жалынды, жігерлі, төрешінің соңғы ысқырығына дейін ойнайтын, табанды, көзі отты жауынгер-ойыншылар (А.Ортега, Д. Симеоне, Х. Сорин, Маскерано) да бар. Бұл жерде Пасарелла, Х. Дзанетти сияқты қатыгез, темір тәртіпті қалайтын диктаторлармен бірге, Кемпес, Рикельме, Верон, П. Аймар сияқты еркін суретшілерге де орын бар. Мұнда бәрінен бұрын дәстүр бар. Бұл жеңіске деген құштарлық сезімі. Ол әрбір аргентиналықтың қанынан табылатын бейне бір тылсым күш іспеттес, сарқылмас дүние...

Футбол Аргентинаға 19 ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында ағылшын кәсіпкерлерімен бірге келді. Ағылшындар аргентиналықтарға футболды джентельмендердің ойыны ретінде таныстырды, яғни ойынның басты құндылығы – әділдік, ереже. Костюм киген, білім алған ағылшындар үшін футбол – қан жүгірту, ер жігіттің бойында намыс, батылдық сезімін ояту, мінез тәрбиелеу жолы болса, аргентиналықтар үшін футбол дінге айналды. Ағылшын капиталын жек көрген аргентиналықтар, ағылшын футболына ессіз ғашық болды. Бірақ, ағылшындардың әділдік қағидаларына негізделген ойынға аргентиналықтар өз бетінше ережелер тауып, өз жолын ұсынды. Бұл қулық жолы еді. Қалайда болсын, жеңіске жету (бүгінгі Чолизм – Симеоне). Аргентинадағы футболдың қозғашу күші – Италия мен Испаниядан келген иммигранттар еді. Олар жергілікті креолдармен араласып, ағылшындардан әлеуметтік қашықтық ұстанғысы келді (социальная изоляцияға сәлем). Бұл «жаңа аргентиналықтарда» ұлттық сана-сезім оянып, рухтары өскен кез еді. Олардың ағылшындардың «әділ ойынына» түкіргені бар болды. Сіз жаңа отанға, жаңа елге келгенде, ең алдымен табысқа, жеңіске қол жеткізгіңіз келеді. Ізеттілік пен әдептілік - бұл рахат өмір сүретін нәзік жандарға, ақсүйектерге арналған дүние. Жаңа аргентиналықтарға күн көру керек. Қалай да болсын, күн көру керек, жеу керек, алдау-арбау керек, бірақ күн көру керек. Айналып келгенде, осы алдау, қулық – аргентина мәдениетінің архетиптік бастауының біріне айналады (қазақ мәдениетіндегі Алдар көсе, Тазша баланы еске түсіруге болады).

Антрополог Эдуардо Аркетти «Аргентина спортының туған жері – жайылым, алаң және ринг» атты кітабында аргентиналық футболға тангоның ықпалын тамаша суреттейді. 20 ғасыр басында барша әлемге таныла бастаған танго биіндегі күрделі хореографиялық эротикалық қимылдар аргентина мәдениетінің ішкі қабаттарын (пласт) анықтады. Аргентина футболы енді күш пен жігерге негізделген ағылшын футбол ұстанымынан креолдық қулық, шапшаңдық пен виртуозды ептілікке акцент қоя бастады. Gambetta – қарсыласты алдауға бағытталған қимыл, дрибллинг деп те айтуға болады. Осылайша аргентиналық стиль қалыптасады. Аргентинада ол La Nuestra деген атпен белгілі. Осы орайда бір қызық оқиғаны мысал ретінде келтіруге болады. Онда аргентиналық дүниетаным барынша ашылады. Эспаньолды жаттықтырып жүрген Альфредо Ди Стефано өз ойыншыларын аргентиналық ойын стиліне баулуға барынша ұмтылады. Допты әуелетіп (ағылшын стилі) жоғары пастармен ойнауға әуестенген жас ойыншыларын жинап алып, Ди Стефано жастарға сұрақтарды жаудырады: «Мына былғары доп неден жасалған?» «Сиырдың терісінен», - дейді жастар. «Ал сиыр немен қоректенеді?» - «Шөппен», - дейді таңданған аяқдопшылар. «Онда әкең аузын... шөпте (алаңға доп түсіріп) ойнаңдар», - деп ақырады қаһарына мінген қарт жауынгер.

Қулыққа негізделген ойын дәстүрі аргентиналық футбол имиджіне өз ізін қалдырды. 1966 жылы Тұманды Альбионда өткен Әлем чемпионатында Аргентина құрама командасы ең алдымен лас ойын өрнегімен көзге түседі. 1978 жылғы Аргентинада өткен Әлем біріншілігінде аргентиналықтар ақтық сын финалға күмәнді жеңістерге жетті. 1986 жылы Мексикада өткен Әлем Кубогында Марадона қақпашы Шилтон қорғаған ағылшын құрама командасына «Құдайдың қолымен» гол салады. 1990 жылғы Мундиальда Бразилия құрамасымен өткен ширек финал матчы барысында бразилиялық қорғаушы Бранко қапталға жүгіріп шөлін басуға ұмтылады... Суды оған Аргентина құрама командасының физиотерапевті ұсынады. «Қасиетті суды» (Марадона дәл осылай атайды) ішкен Бранконың басы лезде айналып, әлсіреп қалады. 1 минутттан кейін Диего Марадона Бранконың қасынан допты ала жөнеліп, паспен Клаудио Каниджаны Тафаррелмен бетпе-бет шығарады. 1998 жылы Францияда 1/8 финал матчында Диего Симеоне Дэвид Бекхэмнің қызыл қағаз алуына арандатушылық жасайды. 2006 жылы Германияда өткен Әлем біріншілігінде турнир қожайындарымен өткен 1/4 финалдық ойын аяқталысымен жеңілісті көтере алмаған аргентиналықтар (Макси Родригес Бастиан Швайнштайгерді ту сыртынан келіп соққы жасайды) алаңда төбелес ашады...

«Мен Венесуэла құрама командасына қарсы өмірімде екі рет ойнадым. Каракаста біз 7-0 есебімен ұтсақ, Росариода қарсыласымызды 11-0 есебімен аяусыз талқандаған едік. Екі ойында - он сегіз гол. Бүгін мен біздің құраманың Венесуэланы жеңуге қиналып, тер төгетін, ауыр да аянышты хәлін көріп отырмын. Қиын жағдай...» (Сесар Луис Менотти)

Әйтседе, тарихында жұлдызды шоғыры бар Аргентина құрамасы Әлем біріншіліктері мен Копа Америка турнирында көбіне жолы болмайтын, сәтсіздікке ұрына беретін команда ретінде танылады. Соңғы жылдардағы Аргентина құрамасының сүреңсіз ойыны («Мессиге доп бер, ол әріқарай өзі шешер») осынау жұлдызды командаға лайықты бапкердің жетіспей тұрғанын көрсетіп отыр. 2014 жылғы Әлем біріншілігінде Алехандро Сабельяның (билардиста) прагматикалық футболынан кейін, аргентиналықтар құрама тізгінін қызба мінез, шабуылға ден қоятын, романтикалық футбол өкілі (меноттиста) Хорхе Сампаолиге ұстатады. Бірақ 2018 жылғы Әлем чемпионатынанда Аргентина құрамасы өз-өзіне ұқсамады. Сампаоли Мессидің тұтқынына айналғанына барлығымыз куә болдық.

Өткен жылғы Копа Америка додасынан кейін Аргентина құрамасының қорғаушысы Николас Тальяфико «Аргентина футболы өз тарихында екі даңқты кезеңді (меноттизм мен билардизм) бастан кешірді. Енді бізге үшінші жол керек» - деп кесіп айтқан болатын. Аякс қорғаушысы үшінші жол ретінде, бәлкім, меноттизм мен билардизмнен бөлек, ең алдымен Мессидің барлық басымдықтары мен артықшылықтарын ашуға бағытталған жолды меңзеген болар. Шынында да, 1986 жылғы Әлем біріншілігіндегі жеңістен кейін Аргентина футболын екі жаққа тартқан дихотомиялық идеялар биік шыңына жетіп, екі мектеп аргентиналық футбол стилінің даралығын (идентичность) өзара таласып, анықтауда. Осы мәңгілік таластан аргентиналықтар шаршаған болу керек. Бұл қандай талас еді?...

Бұл қандай талас еді? Менотти мен Билардо кімдер? Пасарелла мен Марадона – қос капитан бір-бірін неге ит етінен жек көреді? Марсело Бьелса –Эль Локо кімнің баласы (меноттиста ма әлде билардиста ма)? Аргентиналық классик жазушы Хорхе Луис Борхес пен Эль-Чоле арасында қандай байланыс бар? Осының барлығын келесі жолы әңгімелеп береміз. Соңымнан ер, оқырман...

 

Талапкер Уәли

 

 

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×