Баяғы жартас - сол жартас

21.11.2020, 05:44
Қазақ футболы неге дамымайды:
Баяғы жартас - сол жартас

Футбол – адамзат тарихындағы гладиаторлар айқасынан бастау алған мыңдаған көрерменді жинайтын ерекше эмоционалды қойылым, немесе өз имамымен, қарилары, тақуалары мен жамағаты бар заманауи діни ағым. Тек діннен айырмашылығы оның барлығына ортақ болар заңнамалық құжаты, басқаша айтқанда, қасиетті кітабы жоқ (ойын ережесі басқа мәселе). Бұл ойын жер шарының түкпір-түкпірінде №1 спорт түрі болып саналады. 107 жылдық тарихы бар қазақ футболының бұл әлемдегі алатын орны қандай және 107 жылда қандай эволюция болды?

Әрине, біраз жетістікке жеттік. Ал 200 жыл аңсаған Тәуелсіздікті алғаннан кейінгі 30 жылдық Егемен Қазақстанның футболында қандай жарқын сәттер мен жүйелік даму стратегиясы құрылды немесе жалпыұлттық футбол институты қалыптасты? Қандай елдің, жердің ерекшеліктерін ескере отыратын жаттықтыру бағдарламалары жасалды? Қызыл идеалогияны шамамыз келгенше жерден алып,жерге салдық.

Алайда ұлттық құрамалар төңірегіндегі ең ұлы жеңісті сыйлаған және алғашқы Тәуелсіз Қазақстан футболының кірпішін кетігін тауып қалаған, жастар құрамасы арасындағы Әлем Чемпионатының финалдық кезеңіне шыққан азаматтарымыз сол кеңес футбол мектебінің түлектері болғанын естен шығармайық. Бұл жерде ойын айтып отырған авторды сол режимді қолдаушы деп ойлап жүрмеңіз. Бұл 2005 жылдың 8-маусымында янычарлардың алғашқы бала жүрегімді тіліп кеткен жараның орны бітпей, әбден іріңдеп шіріп бара жатқан жанкүйердің мұңы.

Клубтық деңгейдегі жеткен жетістік бөлек. Оған жеке тоқталамыз (шынымды айтсам тоқталуды орынсыз санаймын).  Футбол – мемлекеттің рухани, менталдық, экономикалық күйінің айнасы. Шетелден жүздеген жаттықтырушыны алдырдық, мыңдаған келімсек мамандар келіп сендерге футболдың даму стратегиясын жасаймыз деді. Иозеф Блаттер, Мишель Платини және оның қасындағы тағы тағылары келіп салттанатты түрде лентаны кесті. Қазақ футболы – лента кесу болды, басқа ештеңе емес.

Ал Қазақстан Футбол Федерациясы барлығына беретінін «бере беретін» – «Несібелі». Салтанатты түрде жасөспірімдер мен балалар футболын дамыту стратегиясын жариялаймыз, салтанатты түрде кәрі құрлыққа өтеміз, салтанатты түрде салтанатты қонақтарға өзіміздің салтанатты футбол кешін ұйымдастырамыз. Астана Аренананың ашылу шарасы естеріңізде шығар, шет елдің 4 футболшысын шақыртып, доп тепкіздік кездескені жергілікті «Астана» мен жастар құрамасы. Барып тұрған траги-комедия: не үшін, кім үшін?

Осындай әрекеттерден кейін басқаша қалай теңеулер айтуға болады. Шет елдің бапкерлеріне іріктеу кезеңінде өз тобымызда соңғы орын алу үшін миллиондаған сомалық келісімшарттарды ұсынамыз. Өзінің кедейлігін арзан понтпен жабам деген қара қазағымның үлкен ауқымдағы бейшара тірлігі. Еліміздің кез келген саласы дәл осы футбол сияқты «Болашақ» - «Оле Бразил», «Астана Арена», шет елдік бапкерлер, легионерлер – Мұнай саласы, басқа да салалар, жасөспірімдер мен балалар футболы – «Қазақстан-2030», «Мәңгілік Ел», «Қазақстан-2050», «Рухани жаңғыру».

Бәлкім, маман емес шығармын, бірақ соқыр емеспін. Еліміздің кез келген саласы мен әр әлеуметтік сатыдағы тұлғалардың іс-қимылы барлығы – тура біздің футбол. Ол әр қазақтың мәселесі «балық басынан шіриді» деп айта салу өте оңай. Егер біз кешке дейін той-томалаққа шашыла бермей, кәкүр-шүкір безендірілген арзан қойлымнан бас тартып, санамызды ұлттық, рухани құндылықтарды негізге ала отырып жалпы мемлекеттік идеалогия мен әр сала институттарын құрмасақ тек қана футбол емес ұлт ретінде де жоғаламыз. Қазақстанның да, қазақ футболының да дамымауының басты себебі – Парақорлық!

 Айтпақшы, Қазақстан Футбол Федерациясының ресми сайтындағы қазақ футболының тарихы жайлы жариялаған материалы грамматикалық қатеден көз ашпайды, оны оқыған адам түсінбек тұрмақ, «көзінен қан ағады». Міне, ұлтқа деген, «Рухани жаңғыруға» деген «құрмет»! Осыдан кейін «сенген қойым сен болсаң» демекші, қолында тұрған оп-оңай тілдік қатені жөндей алмай отырған бұл ФФ ойыншыларының қол-аяғын қалай жөндемек! 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×