Бенземаның басына не күн туды?

12.01.2021, 01:40
Карим Бензема бұрынғы командаласы Вальбуэнамен байланысты қылмыстық істің апелляциясында жеңілді
Бенземаның басына не күн туды?

Кезінде Франция құрамасында бірге доп тепкен Матье Вальбуэна мен Карим Бенземаның арасындағы атышулы дау әлі шегіне жетер емес. Бензема тарапынан берілген бірнеше апелляцияларға қарамастан, 2015 жылы Каримнің үстінен интимді бейнежазба төңірегінде қылмыстық іс қозғалды. Кезекті сот отырысы ағымдағы жылдың наурыз айына жоспарланған.

Оның басқа шарасы жоқ, төлейді...

Оқиға қалай басталды? 2015 жылдың 4 қарашасы, сәрсенбі күні таңертең Бенземаны полиция қызметкерлері интимді бейнежазбаға қатысты Матье Вальбуэнаға қоқан-лоққы көрсету оқиғасын тергеу ісіне байланысты қамауға алды. Онымен бірге қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тағы үш ер адам ұсталды. Оның бірі - қылмысты ұйымдастырды деген күдікпен қолға түскен Аксель есімді 39 жасар Франция азаматы. Ол "Марсельде" жұмыс істейтін футбол агенттерімен жақсы таныс болған екен.

Тергеу барысында анықталғандай, Аксель мен оның екі сыбайласы Вальбуэнадан өзі қатысқан интимді бейнежазба үшін 150 мың еуро талап еткен, бермеген жағдайда оны желіге жариялаймыз деп қорқытқан.

Бұл жерде Бензема тапсырыс беруші де, ұйымдастырушы да емес, шамасы қылмыскерлер онымен Вальбуэнадан ақша бопсалауға көмектесуі үшін ортақ таныстары арқылы байланыс орнатқан. «Реал» шабуылшысының шын мәнінде не істегені жөнінде екі нұсқа бар. Алғашқысы – қазан айында болған Франция ұлттық құрамасының матчтары кезінде Карим командаласы Вальбуэнаға біраз қысым көрсеткен, әрине, алаңдағы прессингтен бөлек. Екінші нұсқа – Бензема қылмыскерлерге қолдау білдірмеген, алайда әріптесіне ақшаны төлеп, бәрін тезірек бітіргені дұрыс екендігін досы ретінде ескерткен.

Жергілікті «М6» телеарнасының айтуы бойынша бірінші нұсқа шындыққа жанасады. Полиция қызметкерлері Бенземаның телефонын тыңдаған кезде әңгімелерінің бірінде: «Алаңдама. Оның басқа шарасы жоқ. Мен оған бәрін түсіндіремін. Төлейді...» – деген сөздерін естіген.

Вальбуэнаның ол бейнежазбасында соншалық құнды не бар? 

Ешкім дөп басып айта алмаған құпия. Белгілі нәрсе Аксель атты азамат Вальбуэнаның ескі телефонын бұзып, ішіндегі ақпараттарына қанық болған. Солардың ішінен жас қыз қатысқан бейнежазбаны тауып алған.

Бензема кінәсін мойындады ма?

Жоқ. AFP агенттігінің хабарлауынша, Карим өзінің бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығармады, алайда бала кезіндегі досының өтінішін орындау үшін келіскенін айтты. Ал ол досымен жоғарыда аталған үш күдікті байланысқан. Бензема досына Вальбуэнамен сөйлесуге көмектескенін, бірақ командаласының мұндай мәселеге тап болады деп ойламағанын алға тартады.

Бенземаның адвокаты жағдайды былай қорытындылады: «Карим өзін кінәсіз деп санайды және ештеңені де мойындаған жоқ. Мені тергеу ісі таң қалдырды: полиция менің клиентімді бопсалау ісіне қатысқанын мойындады деген жалған ақпарат таратты. Ең қызығы, олардыең бізді Вальбуэнаны тергеу ісіне араластырмағандығы болып тұр. Біз өте ашулымыз, айналаның бәрі өсек».

Сот шешімі қандай болды?    

Алғашында Бенземаны қылмысқа қатысты деп тапты және оған Вальбуэнамен жолығуға тыйым салынды. Алайда қорғаушысының тыңғылықты еңбегінің арқасында кінәсі уақытша алынып тасталды да, ешқайда шықпау туралы келісімнің керегі болмай қалды. Бейсенбі күні кешке Карим Франциядан кетті. Корольдік клуб базасында жеке жаттығу өткізіп, клуб президенті Флорентино Переспен кездесіп те үлгерді. Француз шабуылшысы абақтыда бір тәуліктен көбірек уақыт отырып шықты.

Енді Бенземаны не күтеді?    

Егер футболшының бұл қылмыстық іске қатысқандығы анық дәлелденсе, оның 5 жылға бас бостандығынан айрылу және 75 мың еуро айыппұл төлеуі мүмкін.

Құрамадан қуылған қос жұлдыз

Орын алған жағдайлардан кейін қос футболшы да ұлттық құрамадан шеттетілді. Олар содан кейін өткен Еуро-2016 мен әлем чемпионатынан құр қалды.

Бұл жолы бұрынғыдан да күрделі

Карим 2015 жылдан бері қылмыстық іс бойынша бірнеше рет апелляциялық инстанцияға шағым білдірген болатын, бірақ бұл жолы бәрі ушығып кетті. Желтоқсан айында Францияның Жоғарғы инстанциялық сотында сәтсіздікке ұшырады. Бұдан кейін Бензема мен оның тағы бес сыбайласының үстінен жаңадан қылмыстық іс қозғалды.

«Реалдағы» тағдыры не болмақ?

Роналду «Ювентуске» кеткелі көшбасшылықты команда капитаны Рамоспен бөлісіп жүрген Бенземаның жас кезіндегіден де жақсы ойнап жүргені байқалады. Дегенмен, кезінде клуб аңызы Касильяс, белді ойыншылар Кака, Озилдерді керек қылмаған Перестің осындай жағдайлардан кейін де Бенземаны командада қалдыруы таң қаларлық жағдай. Оның қазіргі келісімшартының мерзімі 2022 жылдың жазында аяқталады. Мадридтік клуб тарапынан жаңа келісімшарт ұсынылмауы осы сот үдерістерінің жағдайымен байланысты сияқты көрінеді.

Бенземаның дәл қазіргі жағдайы қатерлі ісікке шалдыққан адамның күйіндей. Жақындары – клуб басшылығы, барынша көмектеседі, не болса да жанынан табылады, бірақ бәріне дайын. Дәрігері мен дәрілері – адвокаты. Соларды дұрыс пайдаланса, жазылып кетуі мүмкін, алайда құрдымға кетуі қаупі де жоқ емес...  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×