Бізді жеңбеген кім қалды?

19.11.2020, 07:47
Ерінбегеннің бәрі жеңетін жағдайға жеттік.
Бізді жеңбеген кім қалды?

Ұлттар лигасының соңғы турында ұлттық құрамамыз өз алаңында Литваға есе жіберіп, мүмкін болған 18 ұпайдың төртеуін жинап, турнирді соңғы орынмен аяқтады. Сөйтіп С лигасынан ұшып кетуге бір табан жақын тұр. Енді С лигасындағы орнын сақтап қалу үшін екі матчтан тұратын өтпелі матч ойнайтын болады. Одан да жеңілетін болсақ, ең төменгі D лигасынан бір-ақ шығамыз. Ертең D лигасында 500 мың ғана халқы бар Сан-Маринодан жеңіліп жүрсек, таңқалатын түгі жоқ. Қазіргі деңгейміз Сан-Маринодан асып тұрғаны шамалы. «Бәрінен жеңіліп жатырмыз, деңгейіміз Фарер аралдары ма?» деп жүргенде, жастарымыз өз алаңында Фарер жігіттерінен жеңілді. Ерінбегеннің бәрі ұтып кететін дәрежеге жеттік. Қазақстан ұлттық құрамасы жеңілді десе таңқалмаймыз қазір, жеңді десе көзіміз шарасынан шыға аң-таң боламыз. Көрермен қанша үміттеніп күткенмен, баяғы жартас, сол жартас. Бұған кім кінәлі?

«Балық басынан шіриді» дегендей, ең жоғарыдан бастайық. Жоғарыда басшылық тұратыны бәріңізге мәлім. Турасын айтқанда, басшылық жұмыс істеу білмейді. Ойыншы мен бапкерден алып жатқан ақшаларына сай нәтиже талап ете алмайды. Ақшаны футболды дамыту үшін заманауи алаңдар мен базалар салу, ауыл-аймақтағы футболды көтеру, медиа саласын көркейту сынды құнды мәселелерге жұмсамай, әмиянының майланғанына мәз болып жүре береді. Одан қалса, қайдағы жоқ ортаңқол легионерлерге миллиондап ақша шашады. Олардың ұлттық құрамаға алып келер пайдасы көк тиын. Керісінше жастарымызды ойын уақытынан айырып, банк картасын аузы-мұрнына дейін толтырып кетеді. Олармен қосылып клуб басшылары да миллиондап ақша жеп, 55 жылдық тарихы бар клубты жауып тынады. Қыруар қаржы шашып, шетелден ойыншы шақырғанда футболымыз дамып кетпейді. Қытайлар миллиардтап ақша шығарып, мықтыларды шақырғанда дамып кеткен футболы қанеки? Ұстахана мен ұста дұрыс болмай іс оңбасы анық. Сондықтан ұстаханаларды жаңалап, алдыңғы ұстадан қалып кеткен ағаштарды ғана пайдаланып, эксперимент жасай алмай, жаңа сапалы ағаштар іздестіре алмайтын ұстадан аулақ болып, ауылдағы қарағаштардан да керемет туынды жасайтын шеберлер іздеу қажет.

Үш миллионға да жетпейтін халқы бар литвалықтар өз алаңымызда жерге қаратып кетті. Ал 350 мың ғана халқы бар исландиялықтар Еуропаның «мен-мен» деген құрамаларының екі аяғын бір етікке тығып жүр. Біз болсақ 18 миллион адамның ішінен аяғы түзу 11 футболшы таба алар емеспіз. Сапалы футболшылар жоқтың қасы. Ойнайды-ау дегендер аралдан ұтылып жүр. Ал нағыз «ойнаймын» дегендер «футбол саған нан болмайды» деген анасынан рұқсат ала алмай, алса да академия сұрайтын Франклин бейнеленген қағаздарды тауып бере алмай, шетте қалып жатыр. 

2006 жылы өз жерінде өткен Әлем чемпионатында жеңіске жете алмағанына ызаланған Германия футбол федерациясы ауыл-аймақтың бәріне заманауи базалар, алаңдар салып, футболды дамытудың жаңа стратегиясына көшті. Соның арқасында футбол сахнасында Сане, Гнабри сынды таланттар пайда болды. Әлем чемпионатында жеңбек түгілі, топтық кезеңде өнер көрсетудің өзі мұң болып жүрген соң, біздің де футбол федерациямыз бос әңгімені қойып, нақты іске көшсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұлай жалғаса берсе, «бұл менің ғана емес, отбасымның да арманы еді» деген Сан-Мариноға ұқсап, тең нәтижеге жылап қуанатын деңгейге түсеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×