«Галактикостың» оралуы

30.04.2020, 23:00
«Реал Мадрид» жаңа жұлдызды құрамды жасақтамақ.
«Галактикостың» оралуы

«Реал Мадридтің» президенті Флорентино Перестің биыл тақта отырғанына жиырма жыл толады. Өзінің басқаруымен толған жиырма жылдыққа клубқа тарту тартып, жұлдызды құрамдардың басын қоспақшы. 73 жасар президент клуб тарихындағы үшінші «Галактикосты» жасап, 2022 жылы шабуыл шебіне Холанд пен Мбаппені қосуды көздеп отыр. Перес ендігі көздеген мақсатына жете ала ма?


Мақсаты биік, арманы асқақ – Флорентино

Эрлинг Холанд – «Реалдың» трансфер терезесіндегі басты нысанасына түсіп отыр. Перестің жаңа жоспары бойынша 21 жасар норвегиялық осы жылы королдік клубтың қатарына қосылуы керек. Дортмундтық шабуылшының клубпен келісімшарты 2024 жылға дейін бекітілгенімен, «Боруссия» 75 миллион еуроға жас форвардты сатуға дайын. «Реал» Эрлингты қатарына қосу үшін біраз қиындықтарға тап болуы мүмкін. Себебі екі ортада танымал агент Мина Райола тұр. Бұлай деуіміздің себебі, маусымның басында-ақ Холандқа көптің көзі түсіп жүргенде Мина Райола шабуылшының кемінде тағы бір жылсыз клубын ауыстырмайтынын мәлімдеген болатын. Бұған дейін Райолаға құда болуға ниет білдірген басты клуб «Манчестер Юнайтед» еді. Ал ендігі оны қызықтыратын тек «Реалдың» ұсынысы болары анық.


«Реалдың» көздеп жүрген кезекті ойыншысы Киллиан Мбаппе екені барша жұртқа мәлім. Испандық клуб французды бұған дейін де назарында ұстап келді. «Реал» Мбаппені сатып алуды 2021 жылға жоспарлаған. Алайда париждік ұжым Мбаппені 2022 жылы келісім шарты аяқталмайынша жібергісі жоқ. 21 жасар шабуылшының клубта қалып, «ПСЖ-ның» намысын қорғауы үшін президент әл Хеллаифи Нассер ойыншының сұраған жалақысын беруге әзір.


Француз клубтан кететін болса, бұл «ПСЖ-да» туындайтын алғашқы мәселе емес. Мбаппе ұжымнан кеткен жағдайда артынша команданың негізгі тірегіне айналып отырған Неймар да кетуге дайын. Қос шабуылшыда клубтан ізін суытса «ПСЖ» нағыз тығырыққа батқалы тұр. Бразилиялықтың «Барселонамен» сағызша созылып келе жатқан келіссөздері сәтті аяқталса, бұл «париждіктерге» бір керемет тосын сый болайын деп тұр. 

Жақсы жастан шығады

Болашағының жарқын болуын, қалап әрекетті қазірден жасап жатқан «Реалдың» келесі ден қойып отырған ойыншысы – Мартин Эдегор. Мартин клубтың ойыншысы болғанымен, «Реал Сосьедадқа» жалға берілген. Норвегиялық королдік клубтың қатарына 2015 жылы буыны бекімеген 16 жаста қабылданған болатын. «Сосьедад» Эдгармен бірге соңғы он жылдықтағы үздік маусымдарының бірін өткізіп келеді. Испания чемпионатындағы еурокубокке талас жолында дәл қазіргі турнирлік кесте де «Хетфе» мен «Атлктиконы» артта қалдырып тұр. 21 жастағы жартылай қорғаушы құрама сапындағы көшбасшы ойыншылардың біріне айналды. 4 ойын өткізіп, 5 голдың авторы атанып тұр.


«Арыстандай жігітте, Алатаудай үміт бар» демекші келесі көпшіліктің үмітін арқалап отырған жас ойыншы Винисус Жуниор. 19 жасар шабуылшы «Реалдың» сапында 2018 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқанымен ауыз толтырып айтатындай нәрсе көрсетіп үлгермеді. Бразилиялық соңғы екі жылдың ішінде төрт гол мен бір нәтижелі пасты қанағат тұтып тұр. Дегенмен бұл көрсеткіштер клуб басшылығының жас ойыншыға деген пікірін өзгертер емес. Винисустың болашақта Неймар секілді тәжірибелі, жоғары деңгейде өнер көрсететініне сенеді.


Аяқтың жазасын басқаны үшін, бастан сұраймыз,

Баланың жасаған қатесі үшін әкеден сұраймыз,

Жай халықтың қатесі үшін ханнан сұраймыз,

Йовичтің қате трансфері үшін кімнен сұраймыз?

«Реалдың» соңғы жасаған ауқымды трансферінің бірі - Лука Йович. 22 жасар сербиялықты «Мадрид» 60 миллион еуроға өткен маусымда «Айтрахттан» сатып алған транфсерін әзірге сәтсіз деп сенімді түрде айтуымызға толық негіз бар. Йовичтің алаңда өзін көрсетуге толықтай берілген мүмкіндігін өзі дұрыс пайдалана алмады. Чемпионатта 15 ойын өткізіп, небәрі екі гол ғана соғу орталық форвард үшін жат қылық. Ал Патша Кубогі мен Чемпиондар Лигасында Йовичке гол соғудың орайы мүлде түспеді – 0 гол, 0 нәтижелі пас!


«Реал Мадридтің» сенімін ақтай алмаған аяқдопшының бірі – Родриго. Жас ойыншы Мадридке 2019 жылы қоныс аударды. «Жас бала құстың көлеңкесінде тоңады». Винисус екеуінің бағы ашылмай жүрген себептерінің бірі командадағы аға буын өкілдері де шығар. Негізгі құрамға талас кезінде бәсекелестерің аса тәжірибелі ойыншылар болып тұрса қиынның қиыны болар. 

Ағымдағы маусымда Родриго жасыл алаңға Йовичпен салыстырғанда екі есе көп шыққанымен, тек екі голмен көзге түсті. Ла Лигада бағы жанбағанымен Чемпиондар Лигасында көптің назарын өзіне аударта білді. «Галатасарайға» қарсы өткізген ойында Родриго өте жоғары деңгейде өткізіп, қарсылас қақпасына хет-трик жасады. Солайша еурокубокте 4 ойын өткізіп, 4 гол мен 2 нәтижелі пасты қанжығасына байлады.


Жаңа буын

«Реал Мадридтің» тарихындағы үздік сұрмерген Роналдудың биыл туриндік «Ювентусқа» ауысқанына екі жыл толады. Әйтсе де королдік клуб португалдықтың ізін басар, орнын жоқтатпайтын шабуылшыны таба алмай әлек. 2022 жылы BBC үштігі – Бензема, Бэйл, Роналдудың клубтағы дәуіріне нүкте қойылуға жақын. Француз 35 жасқа толса, гольфты жанына серік еткен Бэйлдың ол кезде клубта қарасы көрінбе де қалуы ғажап емес. Осы екі жылдың ішінде ұжымның орталық шебі қаңсырап тұрды. Сондықтан неміс чемпионатын дүркіретіп жүрген Холандпен (14 ойын, 16 гол), Мбаппені (20 ойын, 18 гол) басты нысанаға алуы өте дұрыс шешім.


Перес командаға жаңа көшбасшы сайлаймын деген оймен Эден Азарды өткен жылы құрамға қосқан еді. Белгиялықтың трансфері 100 миллион еуроны құрап, «Реал» сол жазда рекордты 300 миллион еуро жұмсаған болатын. Азардың алғашқы маусымы сәтті деп айта алмаймыз. Себебі маусым басталғалы жарақаттан көз ашар емес.

Бұған дейін клуб «Галактикосты» жасақтағанымен оны дұрыс қолдана алмады. Кака, Бэкхэм, Фигу, Зидан бастаған ұжымның ойыны екі-ақ жылға созылып, нәтижесінде қоржынға тек бір ғана жүлде түсті – Испания Суперкубогы. Фигу қатарға қосылып, Бэкхэм кеткенге дейін 7 жылдың ішінде «Реал» Чемпиондар Лигасын тек бір мәрте ғана жеңді.


Галактикостың екінші дәуірі Перестің бастауымен 2009 жылдың жазында орын алды. Бір маусымның ішінде Мадридтің сапын бір аяғына доп тигенде жебедей зулап кететін - Роналду, «Қане, маған доп жеткізіңдер!» деп тұрмайтын шабуылға да, қорғанысқа да бесаспап - Хаби Алонсо, тепсе қарсыластың қақпашысының үмітін үзетін - Кәрім Бензема, аяғына доп тисе ешкімге бермейтін - Кака толықтырды. Аталған төрттіктің тек соңғысы ғана сәтсіз болып шықты. Кака жаңа клубта өз орнын таба алмай, ойыны да жүрмеді. Клубқа қосылған су жаңа төрттіктің жалғанды жалпағынан басып тұрған шақтары еді. Осылайша жаңа құрам клубқа үлкен өзгеріс әкеліп 4 маусымда Испания Суперкубогы мен Патша Кубогын жеңіп алып, Чемпиондар Лигасының жартылай финалына үш мәрте шықты. Қысқасын айтқанда жолында тұрған біраз қарсыласты қауқарсыз етті.


1)Криштиану Роналду – 103 млн еуро

(Таныстырылуына жиналған халық саны 80,000)

2)Рикардо Кака – 73 млн еуро

(Таныстырылуына жиналған халық саны 55,000)

3)Кәрім Бензема – 38 млн еуро

(Таныстырылуына жиналған халық саны 15,000)

4)Хаби Алонса 37 млн еуро


Ендеше Перестің келесі «Галактикосты» жарыққа шығарып, королдік клуб жанкүйерлерінің сенімін ақтар деп сенеміз. Басшылық өткен қателіктерінен сабақ алып оларды қайталамайтын болса бәйгеге қосқан аты біразға дейін шабары сөзсіз.

Шерхан Абзалұлы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×