Қайрат Советайұлы бастап, алматылық клубтың менеджментіндегі азаматтар қостап, «Қайратқа» жақсы маманды алдыртуы тиіс

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
17.05.2024, 10:36

«Қайратқа» қашан сапалы бапкер келеді? Анау деді, мынау деді, бірақ әлі клуб тізгінін ұстайтын нақты бір адамды көре алмай келеміз

Қайрат Советайұлы бастап, алматылық клубтың менеджментіндегі азаматтар қостап, «Қайратқа» жақсы маманды алдыртуы тиіс
"Қайрат" - "Ақтөбе" кездесуінен

Алматылық команданың бас бапкері болуы мүмкін үміткерлер қатарында соңғы уақытта Виктор Гончаренконың есімі жиі айтылып жүр. Иә, иә, кезінде «Реалдың» өзін екі рет ұтып (ЦСКА бапкері болғанда), Бахтиер Зайнутдиновты мәскеулік «әскерилердің» қатарына алдырған беларус бапкері. «Қайрат» пен Гончаренко арасында келіссөздер жүріп жатыр, нүктесі де қойылып қалады деген мәліметті де көзіміз шалып қалған. Бірақ, ресми ештеңе болмағасын, сыбыс күйінде қалып отыр. Мүмкін рас та шығар, көрерміз. Бірақ, бір анығы – «Қайратқа» қазір есімі бар, еуропалық деңгейдегі бапкер керек. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр. Алматылық командада бәрі бар. Керемет академия, салыстырмалы деңгейде одан шығып жатқан тәп-тәуір түлектер. Енді осы материалдың бәрін бір ретке келтіріп, жоғары планкаға ұмтылатын маманды тапса дейміз ғой. Командадағы Әділет Садыбеков, Буранчиев, Устименкодай жастардың прогресі үшін бұл өте маңызды дүние.

Одан кейін Алматының «Орталық стадионының» қазақ футболындағы маңызы. Әрине, «Ақтөбе» мен оның отты фанаттарының орны бөлек. Ертең «Астана Арена» ашылып жатса, ол да біз үшін үлкен плюс. Ұлттық құраманың ойындары талай жанкүйерді жинайды. Десе де, қазақ футболында Алматының «Орталық алаңының» алар орны ерекше. Мұнда бір сиқырлы атмосфера бар. Өткенде ғана талай шу болған «Қайрат» - «Ақтөбе» кездесуін еске түсіріп көріңіздерші. Қандай тамаша! «Қайратты» күшейтсе, жүлде емес, чемпиондыққа таласатын дәрежеге көтерсе. «Орталық алаңда» күнде аншлаг болмай ма? Бұл жағдайдың тек бір клубқа ғана емес, бүкіл чемпионатқа резонанс беруі ықтимал. Сол үшін қазір Қайрат Советайұлы бастап, алматылық клубтың менеджментіндегі азаматтар қостап, «Қайратқа» жақсы маманды алдыртуы тиіс. Гончаренко болса Гончаренко болсын мейлі, бірақ біз алматылық команданың қайта түлеп, ондағы өрендердің заманауи футбол канондарына сай өсіп-өнуін көргіміз келеді.          

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×