
Кеше ҚПЛ-дің кейінге шегерілген 16-турының аясында «Қайсар» мен «Ақтөбе» кездескен.
Тартысты матчта қонақтар жеңіске жетті 1:2. Матч соңында қызылордалық фанаттар айғайға басып, сәтсіз нәтижелердің себебін түсіндіруді талап етті. Жергілікті жанкүйерлер жауаптылардың жауабын тыңдап, «Қайсарға» байланысты жоспарларын білуді көздеген. Олар стадионнан кетпей, облыстың спорт басшысы Бақтияр Артаевтың көптің көкейіндегі сауалдарға жауап беруін талап етті.
«Легионердің бәрін алып тастады. Ертең Премьер-лигадан ұшсақ, нәтижеге кім жауап береді?! «Қайсар» халықтың ақшасына күн көріп отырған клуб, ендеше неге бір адам диалогқа шықпайды? Неге облыстың спортына жауапты адамдар алдымызға шығып мән-жайды түсіндірмейді? Біз «Атлетико Бильбао» емеспіз, бізде академия жоқ, тиісінше жылына тұрақты түрде бес-алты ойыншы жастар қатарынан қосылады дей алмайсың. Ендеше бұлардың ойы қандай?» - деді жанкүйерлер.
Көпшіліктің алдына бас бапкер Виктор Кумыковтың өзі шығып, жағдайды түсіндірді. Дегенмен жиналғандар маманға ешқандай уәжі жоқтығын, сұрақтың бәрі басшылыққа екенін айтты.
«Бір ғана оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Аз-маз ойыншы бар, бірақ солардың біреуі қатардан шығып қалса, оны алмастыратын ешкім жоқ. «Тұранмен» ойыннан соң сіздердің талаптарыңызды жеткіземіз. Сол кезде кездесейік, әйтпесе дәл қазір ештеңе шешілмейді», - деген болатын В. Кумыков.
«Қайсар» биылғы маусымда әлі бір де бір жеңіске жеткен жоқ. Виктор Кумыковтың командасы 4 ұпаймен дәл қазір турнирлік кестеде 12-сатыда келеді.
Біздің серіктес: FONBET