«Тоттенхэмның» сәтті маусымы

14.12.2020, 04:56
Ағылшын премьер лигасының чемпиондық атағы биыл «Тоттенхэмге» бұйыруы мүмкін бе?
«Тоттенхэмның» сәтті маусымы

АПЛ-дың чемпиондық бәйгесі қыза түсті. Алғашқы 12 тур қорытындысы бойынша "Тоттенхэм" футбол клубы көш бастап тұр. Ізін суытпай "Ливерпуль" командасы екінші орында келеді. Бұл маусымда Лондондық ұжымның чемпиондық атаққа қол жеткізуге шамалары жететін секілді. Себебі, бұл команданы бойына жеңімпаз рухы бар, ағылшын футболын он саусағындай білетін, "Челсимен" бір емес, бірнеше рет ел чемпионы атанған Жозе Моуриньо жаттықтырады. Португалиялық маман бас бапкерлікке тағайындалған күннен бастап басты мақсаты клубты чемпион ету екендігін айтып келе жатыр. Онысын іс жүзінде дәлелдеп те жатыр әзірге. Топ клубтардың ешқайсысына есе жібермеді. Ішкі чемпионатта "Манчестер Юнайтедті" 6-1 есебімен ойсырата жеңіп, "Манчестер Сити" мен "Арсеналды" 2-0 есебімен тізе бүктірді. "Челсимен" тең ойнады. Алдағы аптада "Ливерпульмен" күш сынасады. Ол ойынды да өз пайдаларына шеше алса, психологиялық тұрғыда маусымның қалған ойындарында жеңіл болатыны анық. Таза нәтиже үшін ойнай алатын Моуриньо өзінің ойын философиясын шәкірттерінің бойына енді-енді сіңіре бастағандай көрінеді. Қараша айында "АПЛ-дың үздік бапкері" сыйлығы аталған маманның еншісіне тиесілі болды. Өзін "ерекше" санайтын бапкер өзінің бұл айда үздік болғанын чемпионаттың баспасөз қызметі хабарламас бұрын әлеуметтік желі арқылы жариялап қойған болатын.

Сәтті маусымның тағы бір себебі шабуылдағы Кейн мен Сон жұбының тамаша нәтижелер көрсетуімен де байланысты десек қателеспейтін болармыз. Екі ойыншының өзара түсінісуі алдыңғы маусымдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда әлдеқайда жақсырақ. Әсіресе, тек гол соғуды білетін ағылшындық шабуылшының нәтижелі пас беру қабілетінің күрт артуы көпшілікті таң қалдырғаны жасырын емес. Ол биылғы маусымда 9 гол соғып, 10 ассист берген. Ал Сон Хын Минға келсек, 4 нәтижелі пас берген және 10 гол соғып сұрмергендер тізімінде Кальверт Льюиннен кейінгі екінші орынға жайғасқан.

Чемпиондыққа таласатын "Манчестер Сити" мен "Ливерпуль" футбол клубтарына тоқталар болсақ, Гвардиола баптайтын жігіттер бұл маусымды өте сәтсіз бастады. "Қалалықтар" 11 ойында тек 5 рет жеңіске жетіп, турнирлік кестенің 9 қатарынан орын алып тұр. Юрген Клопп шәкірттері болса, 24 ұпаймен екінші орында келеді. Команданың негізгі ойыншыларының көпшілігі жарақат алып, ойынға қосалқы құрам ойыншылары шықса да, бұл ұжымның нәтижелері ауыз толтырып айтарлықтай жақсы. Маусым соңында чемпиондық атаққа осы 3 команданың бірі қол жеткізетініне күмән жоқ. Ағылшын чемпионатының бар қызығы жаңа жыл қарсаңында басталады. Араға бірнеше күн салып, қайта алаңға шығып, қатарынан ұта беру, әрине, қиынның қиыны. Әйтсе де, еурокубоктардағы жағдайларын реттеп алғаннан соң атағынан ат үркетін азулы командалар бұл сыннан сүрінбей өтсе, маусымның қалған бөлігін аспай-саспай, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін тер төгетіні анық.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×