Ұлттық құрамадағы легионерлер, «Сәке» мен «Мәкенің» балалары және футболдағы реформа - ҚФФ Бас хатшысымен сұхбат

06.04.2021, 00:58
Маман ауыл футболын дамытуға күш салып жатқанын айтты.
Ұлттық құрамадағы легионерлер, «Сәке» мен «Мәкенің» балалары және футболдағы реформа - ҚФФ Бас хатшысымен сұхбат

Қазақстан футболының мәселесі көп жылдар бойы басауруға айналғаны рас. Клубтарымыз Еуропа ареналарында қуантып жүргенімен, жастарымыз бен ұлттық құрамамыздың ойыны әлі де болса көңілден шығар емес. Әлбетте, жанкүйерлік көңіл көпті қалайды. Алайда, аспандағы айға қол созғанымызбен, айналадағыны кейде көрмей қаламыз. Мәселен, кеше ғана футболшыларымыз Украинадан бір ұпай алып, жанкүйерлерін қуантқан еді. Футбол сарапшылары да команда тізгінін Талғат Байсуфинов ұстағалы жүйелі ойын көре бастадық дегенді айтып жүр. Бұл Қазақстан футболына жүргізіліп жатқан реформаның нәтижесі ме, әлде бір реттік сенсация ма? Біз Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожинмен сұхбаттасып, отандық футбол саласында болып жатқан өзгерістер мен жоспарларын сұрап білдік.

- Азамат Серікұлы, соңғы екі ойынның (Қазақстан – Франция (0:2) және Украина – Қазақстан (1:1)) нәтижесі көңіліңізден шықты ма? Байсуфинов пен оның шәкірттері үмітті ақтады ма?

- Бірінші ойын барлығымызға түсінікті болды. Қарсыласымыз азулының азулысы еді. Франция! Әлем чемпионы! Кейбір құрамалар бұл командамен жолдастық матч ойнауға қолдары жетпей жүреді. Ал, олар «Астана Аренаға» келіп, қазақ футболына мега жарнама жасады. Бұл біз үшін тек қана табыс. Гризман, Мбаппе, Погба секілді футболшылар елордаға келіп, миллиондаған қаржы тұратын жарнаманы тегін жасап беріп кетті. Олардың бізге қарсы ойынын әлемнің алпауыт медиатораптары, агенттіктері көрсетті. «Еуроспорт» арнасы шолу жасап, «Еуроньюс» матч қарсаңында сюжеттер берді. Бұл футболға ғана емес, Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласына да жасалған жарнама деп қабылдаңыз. Футбол шекарасы кең. Әлбетте, біздің команда бұл ойында барын салды. Алаңға қазақ футболшылары көптеп шықты. Бас бапкеріміздің оларға қазақ тілінде нұсқау беріп тұрғаны телекамераларға түсіп қалып, қаншама жанкүйердің көңілін жібітті. Бұл ойында біз өзіміздің абыройымызды көрсеттік. Алпауыт ұжымдарға қарсы төтеп бере алатымызды байқаттық.

Ал екінші ойында Украинаға тосынсый жасадық. Қазақстан қалпақпен қағып алатын құрама емес екенін көрсетті. Андрей Шевченконың өзі бізді мойындап сұқбат берді. Артынша Дидье Дешам Қазақстан құрамасын мақтап, жоғары баға берді. Сондықтан да, мұндай деңгейдегі адамдардың пікіріне қарсы шығуды әбестік деп санаймын. Украинамен болған матч құрамаға деген сенімді күшейтті. Енді жанкүйерлер күздегі матчтарды тағатсыздана күтеді. Финляндия мен Босния ұжымдарын өз алаңымызда қабылдаймыз. Міне, қызықтың көкесі сонда болмақ.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр футболға бөлінетін қаржыны қысқарту керек деген тапсырма бергенін білесіз. Бұл әрине, ішкі чемпионаттағы клубтарға қатысты айтылған. Бірақ, ақшаны үнемдеу Ұлттық құрама ойынына кері әсерін тигізіп жүрмей ме? Жалақысы азайған ойыншылар қайбір көңіл-күймен ойнайды дейсіз?!

- Әлбетте, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың футболға бөлінетін қаржыны қысқарту керек деген тапсырмасы өте орынды. Біз де бұл бастаманы толықтай қолдаймыз. Өйткені, кейбір клубтардағы футболшылардың жалақысы шамадан тыс артып кетті. Қазір біз де оны реттеуге атсалысып жатырмыз.

Бірақ, бұл ұлттық құрамадағы ойыншыларға кері әсерін тигізбейтініне өзім кепіл бола аламын. Біздің ойыншылар ұлттық құрамаға келгенде ақша үшін емес, елдің абыройы үшін ойнайды. Ұлттық құрама сапында доп тебу деген өте үлкен мәртебе, елдегі жүздеген-мыңдаған футболшының тек 23-і ғана іріктеліп алынады. Яғни, командадағы орнын жоғалтып алмас үшін әрбір футболшы аянып қалмайды. Олар үшін ақша мәселесі төртінші, бесінші орынға түсіп кетеді деп ойлаймын.

- Ұлттық құрамаға легионер тарту мәселесіне қалай қарайсыз? Көрші Ресей құрамасында да, Украинада да азаматтығын ауыстырған футболшылар жүр. Тіпті, өзіміздің хоккей құрамамызда да америкалықтар мен канадалықтар ойнап жүр. Өз араларыңызда мұндай мәселе көтерілген жоқ па?

- Ұлттық құрамаға легионер тарту деген мәселе бұрыннан бері көтеріліп келе жатыр. Кеше ғана қарсыласымыз болған Украинада да, Францияда да ұлттық құрама жейдесін киіп жүрген футболшылар қатарында легионерлер бар. Өзге елдің футболшылары Ресейдің де, даңқты Англия мен Германияның да сапында доп теуіп жүр. Бұл футболдағы «заңды құбылыс». «Зинедин Зидан Алжир азаматы ол Францияға ойнамасын» деп кім айта алады?

Мәселен, бір елде футбол дамиды, мықты ойыншылар көп болғандықтан, олардың біразы ұлттық құрама сапына алынбай қалады. Олар да өз бағын құрлық чемпионатында, әлем біріншілігінде сынағысы келеді. Сосын амал жоқ, өзге елдің азаматтығығын қабылдап, сол елдің намысын қорғайды.

Бұл әңгіме Қазақстанның футбол федерациясында да жиі көтеріледі. Мысалы, қазір бас бапкер «Ордабасыда» ойнап жүрген бразилиялық Жоао Паулу деген ойыншыны ұлттық құрамаға алғысы келіп жүр. Екеуі сөйлесіп, бұл мәселені өзара талқылап та көріпті. Жоао үш жылдан бері Қазақстанда тұрады, отбасын осында көшіріп алған. Осы уақыт аралығында ол Шымкентке әбден сіңіскенін, Қазақстанды өзінің екінші отаны санайтынын айтқан. Яғни, біздің құрамаға ойнауға, футболшыларға көмектесуге дайын. Біз алдағы уақытта осы мәселені талқылайтын боламыз, өз арамызда оң шешімге келсек құжаттарын дайындаймыз. Мұнан кейін оның Қазақстан құрамасында ойнау мәселесін УЕФА, ФИФА секілді халықаралық ұйымдар шешетін болады. Егер осы процестің бәрі оң шешімін тапса, алдағы ойындарда Жоао Паулуды Қазақстан сапынан көресіздер.

Бірақ, біз легионер іздеу, шетел ойыншыларын жерсіндіру секілді жұмыстарға уақыт та, қаржы да жұмсамаймыз. Өзіміздің өсіп келе жатқан жас футболшыларымыз бар, дарынды балалар бар, соларды тәрбиелеп жатырмыз. Талғат Байсуфинов ұлттық құраманың тізгінін ұстай сала, командаға осындай жап-жас 7-8 ойыншыны алдырды.

- Кез келген саланы тірілту үшін, жандандыру үшін оған реформа жасап жатады. Қазақстан футболына мұндай реформа УЕФА-ға мүше болғаннан кейін жасалған жоқ-ау. Қашанғы Фаррер аралдарының, Сан-Марино мен Гибралтардың деңгейінде ойнап жүре береміз? Жағдайды 180 градусқа өзгерту үшін не істеу керек?

- Дұрыс айтасыз, Қазақстан футболы түбегейлі өзгерістерді қажет етті. Соңғы 5-6 жылдан бері біз Сіз айтып отырған реформаны жүргізуді бастап кеткенбіз. Мәселен, өзіңіз білесіз, қазір мектеп бағдарламасына футбол сабағын енгізіп жатырмыз. Бұл жоба еліміздің бірнеше облысында жүзеге асып жатыр. Ал, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін қосымша оқытып, оларды футбол жаттықтырушысы еттік. Әлі оқып жатқандары бар және бұл жұмыс әлі жалғасатын болады. Оларға бапкердің лицензиясы беріледі.

Реформаны бір күнде жүзеге асырып тастау мүмкін еместігін білесіздер. Футболдағы жаңғыртуды жүзеге асыру үшін бәлкім 10, бәлкім 20 жыл уақыт керек.

Осы ретте айта кетейін, Қазақстанның футболын дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымды дамытуымыз керек, Федерация бұл жұмыспен айналысып жатыр. Әсіресе, ауылды жерлерде футбол ойнайтын алаңдар жоқ, инвентарь жоқ. Соны түгендеу үшін жаңа бағдарламалар қабылдап, жүйелі жұмыс істеуіміз қажет.

Сондай-ақ, жаңа технологияларды енгізу және дамыту үшін еліміздегі кәсіби футболшылардың ортақ базасын әзірледік. Онда футболды кәсіби тұрғыда ойнап жүрген бүкіл ойыншы болады. Әрбір футболшының жасы, салмағы, ойындағы қарым-қабілеті, ерекшеліктері түгел жазылады. Тіпті, сол ойыншымен жұмыс істеген бапкерлері өз пікірін жазып қалдыра алады. Спортты тастағаннан кейін немен айналысып жүр, қандай жарақат алған, медициналық көмекке жүгінген-жүгінбегеніне дейін енгізіп отырамыз.

Екінші мәселе, біз қазір Қазақстанның футболдан екінші лигасын құрдық. Өзіңіз білесіз, еліміздің территориясы өте үлкен. Ішкі чемпионаттың өзінде бір қаладан екінші қалаға матчқа бару ұзақ уақыт алады, шығын әкеледі. Мысалы, Маңғыстау облысының жас ойыншылылары Өскеменге пойызбен баратын болса, үш күннен астам уақыт жол жүреді. Олар жолдан шаршап келіп қандай футбол ойнауы мүмкін? Міне, бұл да Қазақстан футболының дамуына айтарлықтай кедергісін тигізіп отырған бір фактор. Басқа да факторлар жетерлік. Осы проблемаларды шешу үшін қазір біз Балалар және жасөспірімдер футболы департаментін құрдық. Департамент жұмысын өте қарқынды жүргізіп жатыр. Жылына ірі 20-ға жуық турнир, жүздеген кіші жарыстар өткізіп жатыр. Астанада, Алматыда жасөспірім футболшылардың ішкі чемпионатын ұйымдастырып жатырмыз. Мұның бәрі осы федерацияның жұмысы, жаңа айтқанымдай футболға енгізіп жатқан реформамыз.

Сосын, ең маңызды нәрсе бар. Көптеген ағайын бізге хабарласып жатады, өтініштерін айтады. Соның ішінде мына ауыл футболы деген ауыр тақырып бар. Таланттардың барлығы ауылда деп жатады. Бірақ, сол ауылдарда футбол мәселесі ақсап тұр. Шалғай жатқан аудандарға барып, бірнеше ауылды біріктіріп, футбол үйірмесін ашуды ойластырып жүрміз. Олар аудан орталығына келіп іріктеліп, кейіннен облыс орталығына баруы тиіс. Былайша айтқанда, Германиядағыдай әрбір 25 шақырымда бір футбол үйірмесі болуы тиіс. Біз соған қол жеткізсек, арманымыздың орындалғаны дер едік. Біз жасап кеткен жағдай нәтижесін беріп, 15-18 жылдан соң құрама сапында ойнайтын, ауылдан шыққан қазақ футболшысы пайда болар еді.

- Жастар ұлттық құрамасының сапындағы ойыншылардың көпшілігі еліміздің оңтүстік облыстарынан шығып жатады. Сонда басқа өңірлерде футбол мектептері немен айналысып жатыр? Оларға сіздердің тараптан қандай да бір талаптар қойылмай ма?

- Рас айтасыз, жастар арасындағы ұлттық құраманың сапасында ойнап жүргендердің басым көпшілігі Шымкент, Алматы, Алматы облысы, Тараз бен Қызылорда мектептерінің түлектері. Қарағандыдан да қаншама талантты балалар шығып жатыр. Олардың біразы қазір Еуропада доп теуіп жүр, сол жақтағы футбол академияларында оқып жатыр.

Бізде қазір мынадай мәселе бар, Қазақстанның бірнеше аймағы: Қостанай, Ақтөбе, СҚО, Павлодар, ШҚО, Ақмола және Қарағанды облыстарында 6 ай қыс болады. Табиғат өте қатал, футбол ойнауға қолайсыз. Осы өңірлерде ең алдымен манеждер соғуымыз керек. Футбол инфрақұрылымын жүргізуіміз керек. Осыған байланысты біз қазір жергілікті әкімдіктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әкімдерге біз бұйрық бере алмаймыз, десе де екіжақты келісімдерге қол жеткізе бастадық.

Егер қазір осы проблемаларды дер кезінде шеше алсақ, алдағы аз уақыт ішінде солтүстік өңірлерден де дарынды футболшылар шығатынына сенімдімін.

Қазір өзіміз көріп отырмыз, Павлодардан, Петропавлдан жас талантты ойыншылар шыға бастады. Олардың алды ұлттық құрамаға алынып, ел намысын қорғап жүр.

- Сіз футбол федерациясында басшылық қызметтесіз. Таныстарыңыз тарапынан немесе ірі шенеуніктерден «баламды ұлттық құрамаға алыңдар» деген өтініштер түспей ме? Соңғы уақытта спортшылар тарапынан осындай шағымдар жиі айтылып, қоғамда резонанс тудырып жүр. Футболда мұндай құбылыс жоқ па?

- Мен сұраққа сұрақпен жауап берейін: қазір Қазақстанда ұлттық құрамаға алынбай қалған қандай талантты футболшы бар? Егер мұндай таланттар болса бас бапкер Талғат Маруанұлының назарынан тыс қалмайды деп ойлаймын. Біз ол кісіні тағайындадық, енді ішкі жұмысына араласпаймыз, құрама ойыншыларын толықтай өзі жасақтайды. Кімді қорғанысқа қояды, кімді шабуылшы етеді – бәрі сол кісінің қарауындағы мәселелер. Біз федерацияның басшысы ретінде бас бапкерден тек нәтиже талап етеміз, оның жұмыс істеуіне бар жағдайды жасап береміз, болды. Осы уақытқа дейін командаға мына футболшыны алыңыз деп бірде-бір рет өтініш айтпадық.

Бірақ, Қазақстан құрамасына шын жанкүйер боп жүргендер біледі, шын талантты бірнеше ойыншы ұлттық құрама сапында доп тебе алмай жүр. Мысалы, Бауыржан Исламхан – допинг дауына ілініп, спорттан шеттетілді. Еркебұлан Сейдахмет, Бахтиер Зайнутдинов, Дмитрий Шомко, Алексей Щеткиндердің жарақаты бар. Олар сондықтан Францияға, Украинаға қарсы ойнай алмады.

Сондықтан, ұлттық құрама сапында «Сәке» мен «Мәкенің» балалары ойнап жүр деп айтудың еш қисыны жоқ. Егер ойнайтын болса бірден көзге көрініп қалады, ондайға жанкүйерлердің өздері-ақ жол бермес еді.

- Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Серғали Балажан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×